Жоғары сапалы цифрлық қызметтерді ұсыну мәселесі талқыланды

Жоғары сапалы цифрлық қызметтерді ұсыну мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен халықтың әл-ауқатын жоғары сапалы цифрлық қызметтерді ұсыну, инфрақұрылымды дамыту, бизнесті трансформациялау арқылы арттыру мәселелері талқыланған кеңес өтті. Оған «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мұсин, жетекші салалардың басшылары қатысты.

Кеңесте облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Өңір басшысы бірлескен жұмысқа тоқталып, болашақ жоспарларымен бөлісті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы үкіметтің кеңейтілген отырысында «жасанды интеллектті дамыту – бұл ұран емес, бұл экономикалық идеологияның тірегі, тіпті біздің ұлттық идеологиямыздың берік бекінісі болуы керек» деп атап өтті. Жасанды интеллект негізінде цифрландырудың негізгі міндеттерін орындауды тапсырды. Бұл еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағытталған салаларын қалыптастыру, жоғары қосылған құнды өнім шығару, Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика қатарына қосу.

Осы мақсатта 2023 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы университет базасында Сеул Ұлттық ғылым және технология университетімен (SeoulTech) бірлесіп Қазақстанда алғашқы жасанды интеллект институты ашылды. Бүгінде институтта 240 студент оқиды, оның ішінде 200-і бірлескен оқыту бағдарламалары бойынша, 40-ы қос диплом бағдарламалары бойынша оқиды.
Өңірдегі 21 медициналық ұйымға жасанды интеллект көмегімен онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру технологиясы енгізілуде. Осы мақсатқа бюджеттен 3 млрд. долл. 175 млн. теңге бөлінді», - деді Н.Нәлібаев.

ҚР Бас прокуратурасы бастаған «Цифрлық қадағалау» жобасының сынақ нұсқасына өңірлердің ішінде бірінші болып Қызылорда облысы қатысады. «109-Біртұтас хабарласу орталығы», «112-Біртұтас күзеттік-диспетчерлік қызмет» ақпараттық жүйелерімен оперативтік жауап беру орталығы интеграцияланды. Қаңтар айында 10 ұшқышсыз ұшу аппаратын жалға алуға қаражат бөлінді.

Қазіргі уақытта облыстың 223 елді мекенінің 140-ы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған, 148 5G технологиясы нүктесі іске қосылды.