
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов елімізде жаңа Конституцияға арналған республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтарға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, ҚР Парламенті мәжілісінің, Жалпыұлттық Коалициясының төрағасы Ерлан Қошановтың және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хаттарын» табыстады. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты жиында аудан басшысы Ұлттық жаңғыруымыздың жаңа кезеңіндегі референдумды өткізуге белсене қатысқан қазалылықтарға шынайы алғысын жеткізді.
-Өздеріңізге белгілі, 15-ші наурызда халқымыз жаңа Конституцияға арналған Референдумға белсенді қатысып, мемлекетіміздің келешек тағдырын айқындады. Елордада өткен салтанатты шарада Президентіміз Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталып, Ата заңымыздың мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген Жалпыұлттық коалиция мүшелері мен азаматтарға алғысын жеткізді. Жуық арада ғана Қызылорда қаласындағы Достық үйінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен өткен салтанатты шарада Республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан жерлестерімізге Президентіміздің «Алғыс хаты» табысталды. Бұл марапаттардың барлығы Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін өз таңдауын жасап, қастерлі Отанымыздың берік негізін қалауға атсалысқан барша жерлестерімізге берілген лайықты баға деп білеміз. Дана халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар»-деп бекер айтпаған. Осы ретте, үлкен ауызбіршіліктің, ынтымақтың үлгісін көрсетіп, саяси маңызды науқанға белсене қатысқан қасиетті Қазалы ауданының жұртшылығына шынайы алғысымды білдіріп, ризашылығымды жеткіземін. Егемен еліміздің жарқын болашағы жолындағы істеріміз табысты болсын! Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай», – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы. Салтанатты жиында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз сөйлеп, саяси науқанның өтуіне елеулі үлес қосып, жоғары марапат төрінен көрінген азаматтарды құттықтады. Президентіміздің бастамасымен, ел-халықтың қолдауымен мемлекетіміздің жарқын болашағына бағытталған игі істердің нәтижелі жүзеге асуына тілектестігін білдірді. Айта кетейік, Ақордада өткен салтанатты жиында Президентіміз бүкіл халық атынан жаңа Ата заңымызға, «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Халық Конституциясы 1-ші шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Енді Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде елімізде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтілетін болады.