СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Қазіргі таңда Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 850 текше метр су жіберілуде. Ал аудан аумағына Сырдария өзені арқылы 365 текше метр су келіп түсуде.
Осыған байланысты ауданға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев, сондай-ақ Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов жұмыс сапарымен келді.
Жұмыс сапары барысында арнайы делегация аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге Ә.Тыныбаев атындағы Қазалы су торабына барып, Сырдария өзеніне келіп жатқан суды тиімді пайдалану, оны реттеу және ауыл шаруашылығы саласына бағыттау мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында аудан аумағындағы барлық дарияаралық, шабындық каналдар мен көлдер жүйесіне суды дер кезінде жеткізіп, толықтыру қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, егіс көлемін қажетті сумен қамтамасыз ету, вегетациялық кезеңді сапалы өткізу және су шығынын болдырмау бағытында нақты ұсыныстар айтылды.