АУДАН ӘКІМІ ДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ АХУАЛДЫ БАҚЫЛАДЫ

АУДАН ӘКІМІ ДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ АХУАЛДЫ БАҚЫЛАДЫ
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Басықара ауылындағы Ә.Тыныбаев атындағы Қазалы су торабына барып, Сырдария өзені бойындағы қазіргі ахуалды бақылады.
Аудан басшысымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, сондай-ақ «Қазалысушар» өндірістік учаскесі мен су торабының тиісті мамандары болды.
Қазіргі таңда дария бойындағы жағдай тұрақты. Сырдария өзенінің аудан аумағындағы мұз толықтай еріп, өзен арнасы ашылған. Бүгінде Басықара ауылындағы Ә.Тыныбаев атындағы Қазалы су торабына секундына 95 текше метр су келіп, толығымен дарияның төменгі ағысына жіберілуде.
Тиісті сала мамандары аудан басшысына қазіргі таңда дария бойындағы ахуал тұрақты екенін айтып, дарияға жақын орналасқан елді мекендер бойынша ешқандай қауіп жоқ екендігнін жеткізді.
Аудан басшысы су торабында тиісті мамандармен бірге су тапшылығына байланысты алдағы вегетациялық кезеңде егінді сумен қамту, жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру мәселерінде талқылады.