"Кәсіпкерлік және өнеркәсіп салалары бойынша" басқарма басшысы брифинг өткізді

"Кәсіпкерлік және өнеркәсіп салалары бойынша" басқарма басшысы брифинг өткізді

"Кәсіпкерлік және өнеркәсіп салалары бойынша" басқарма басшысы Әбілқайыров Дәурен Тұрғанбайұлы брифинг өткізді.

Басқарма басшысы Әбілқайыров Дәурен Тұрғанбайұлы кәсіпкерлік және өнеркәсіп салалары бойынша 2024 жылы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттері жайлы есеп берді.

Экономиканы әртараптандыруда 2024 жылы аймақта 37 млрд. теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске қосылды.

Негізгі капиталға 640 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайызды құрады (республиканың орташа көрсеткішінен 14 пайызға жоғары, ҚР – 107,5%). Оның 70,5 пайызы – жеке инвестиция. Шетел инвесторларымен нәтижелі жұмыстың арқасында 9 ай қорытындысымен 171 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылып, өсім 16,6 пайызға жеткен.

2025-2029 жылдары аймақта құны 2 трлн. 87 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Ел Президентінің тікелей қолдауының арқасында және Қатар мемлекетіне жасаған іссапары қорытындысымен өңірде 800 млрд. теңгенің, қуаттылығы 1 100 мегаваттық бу-газ қондырғысының жобасы қолға алынады. Қазіргі таңда жер беріліп, техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан – Германия, Қазақстан – Корея форумдарында қол қойылған меморандумдарға сәйкес, 31 млрд. теңгеге «Хорн» неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн. дана шыны бөтелке шығаратын, 19 млрд. теңгеге кореялық «With You E&C Kyzylorda» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыттарының құрылысы басталады.

Облыс әкімінің қолдауымен, 2024 жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылып оның аясында 45 шағын өндіріс 952 млн теңгеге қаржыландырылды.

Ағымдағы жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен тамақ өнеркәсібіне 500 млн теңге және өңдеу өнеркәсібіне 500 млн теңге бағытталатын болады.

Жалпы, биыл жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға бюджеттен 26,5 млрд теңге қарастырылуда.