Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант кімдерге беріледі?

Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант кімдерге беріледі?

Биыл облыста кәсіпкерлік саласын қолдау бағытында мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант беру жүргізілуде. Осыған орай, Ұлттық жоба шеңберінде жеңілдікпен несие беру үшін - 5,2 млрд теңге, ал кәсіпкерлік бастамалар үшін мемлекеттік грантқа - 4,8 млрд теңге қаржы қарастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев хабарлады.

- Жалпы мемлекеттік грант екі бағытта беріледі. Оның бірінші - облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 айлық есептік көрсеткішке дейін берілетін болса, екіншісі - 5 млн теңгеге дейін шағын кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларына берілетін грант. Биыл жаңа кәсіп бастағысы келетін азаматтарға - 120 млн теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі азаматтардың жаңашыл бизнес-идеяларына 70 млн теңге бөлінетін болады. Ал жалпы бөлінген қаржының 20 пайызы халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтарға беріледі, - деді басқарма басшысының м.а Ринат Сұлтангереев.

Брифинг барысында аталған гранттың беру шарттары мен негізгі басымдық берілетін салалар тізбесі айтылды.

Қайтарымсыз грант берудің тізбесіне сәйкес бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды сатып алуға байланысты шығыстарға пайдалынылады. Сондай-ақ, грант қаражатын пайдалануға болмайтын жағдайлары да бар. Мәселен, жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысын төлеуге, жеңіл автокөлікті сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға тыйым салынған, - деді Ринат Қалдыбекұлы.

Сондай-ақ, аталған шарттарға сәйкес келетін кәсіпкерлердің жобалары мемлекеттік гранттар беру жөніндегі конкурстық комиссияда таныстырылатыны және комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін байқаушылардың шақырылатыны атап өтілді.
Мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатысу және комиссия отырысында байқаушы ретінде қатысу шарттары туралы толық ақпаратты 8 (7242) 60 54 08 телефоны арқылы нақтылауға болады.