Аймақ басшысы Арал ауданына жұмыс сапарымен барды

Аймақ басшысы Арал ауданына жұмыс сапарымен барды
Өңір басшысы Арал ауданындағы индустриялық аймақты да аралады. Ондағы «QAZAQ CAMEL» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» зауытына барып, құрылысымен танысты. Аталған нысан – түйе сүтін өңдейтін еліміздегі алғашқы зауыт. Жоба құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Цехтың құрылысы толығымен аяқталған. Қазіргі таңда, құрылғыларды орнату жұмыстарын жүргізетін мамандардың келуі күтілуде. Зауыт ағымдағы жылдың қыркүйек айында толық іске қосылады деп жоспарланған. Жоба іске асқанда 23 адам жұмысқа қамтылады.
Облыс әкімі «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің «Балықты тереңнен өңдеу және пластик қайық дайындау» цехының жұмысымен де танысты. Цех іске қосылғанда жылына 4 мың тонна балық өнімдерін дайындай алады. Дайындалған өнімді ішкі нарық пен ТМД елдеріне нарыққа жөнелтпек. Өнеркәсіп 50 адам тұрақты жұмыспен қамтитын болады.
Облыс әкімі бастаған делегация Жақсықылыш кентіндегі «АралТұз» АҚ-на барды. Қазір мұнда Ас тұзы және техникалық тұз өндіру жобасы іске асырылуда. Индустрияландыру бағдарламасы аясында компания ас тұзы және техникалық тұз өндіретін екі испан цехын іске қосты. Зауытты қайта құру еңбек өнімділігін екі есе арттыруға және 1200-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өндіру және өткізу көлемі үш еседен асты, ал экспорттық өнімнің үлесі 75%-ға жетті. 2020 жылы құны 8,8 млрд.теңгені құрайтын 480,2 мың тоннаның өнімі өндірілді. 2020 жылы құны 6,7 млрд.теңгені құрайтын 317,5 мың тонна өнім экспортталды. Бүгінде үшінші Испан цехының құрылысы жүруде. Ол жылына 120 мың тонна тұз өндіруге қабілетті.
Сондай-ақ аймақ басшысы зауыттың перспективалық жоспарларымен де танысты. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысына жобаның іске асырылуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Инвесторға барынша қолайлы жағдай жасап, зауыттың дер кезінде іске қосылуына атсалысу қажет екендігін жеткізді.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы жұмыс сапары Сапақ елді мекені мен Аралқұм ауылдық округінде қорытындыланды. Облыс әкімі бұл ауылдарда ауыл ардагерлерімен және тұрғындармен кездесіп, ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Сондай-ақ тұрғындарға пандемия жағдайында сақтану шаралары туралы айтып, екпе жұмыстарының індетті жеңуде үлкен көмек боларын сөз етті.