Ағымдағы жылдың 8 сәуірінде «Арал» геопаркін аттестаттау мақсатында ЮНЕСКО сарапшысы өңірге ресми іссапармен келді.
Іссапар аясында облыс әкімінің орынбасары А. Зебешевпен ізеттілік кездесу өтіп, онда «Арал» геопаркін дамыту, оны ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне енгізу перспективалары, сондай-ақ өңірдің табиғи, тарихи және мәдени мұраларын сақтау мен тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
Бағдарламаға сәйкес, сарапшының Арал ауданына баруы жоспарланған. Сапар барысында ол «Арал» геопаркі маршруттарына енгізілген бірқатар нысандармен танысып, олардың халықаралық талаптарға сәйкестігін бағалайды.
Аталған іссапар «Арал» геопаркін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, сондай-ақ ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға тың серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл бастама экологиялық туризмді дамытуға, табиғи мұраны сақтауға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне оң ықпал етпек.