Өңірде жоғары технологиялық өндіріс дамып келеді

Өңірде жоғары технологиялық өндіріс дамып келеді
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканы жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізудің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұл бағыттағы нақты нәтижелер еліміздің өңдеу өнеркәсібінде айқын көрініс табуда.
Солардың бірі – республикада баламасы жоқ табақша шыны өндіретін «Orda Glass Ltd» ЖШС. Кәсіпорын өндірістік процестерді толық цифрландыру арқылы жоғары тиімділікке қол жеткізіп отыр. Жылдық қуаттылығы 197,1 мың тоннаны құрайтын зауытта автоматтандыру және цифрлық басқару жүйелері кеңінен енгізілген.
Атап айтқанда, «джамбо» форматтағы шыныларды жинақтау үшін 4 өнеркәсіптік робот қолданылады. Бұл роботтар автоматтандыру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын жапониялық Fanuc компаниясына тиесілі. Олар жоғары сенімділігімен және ауыр салмақты өнімдерді өңдеу мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар, кәсіпорында өнім сапасын цифрлық бақылауға арналған ақауларды анықтау жүйесі және шыны кесуге арналған автоматтандырылған кешен жұмыс істейді. Өндірістік үдерістер толықтай басқарылатын цифрлық ортада жүзеге асырылады.
2024 жылы жылдық қуаттылығы 5 млн шаршы метрді құрайтын энергия үнемдейтін шыны өндіру желісі іске қосылды. Бұл өнімдер заманауи технологиялардың нәтижесінде жоғары сапамен сипатталып, қыс мезгілінде жылуды сақтап, жазда күн радиациясын төмендету арқылы энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сұраныстың артуына байланысты өндіріс көлемі де тұрақты өсуде. Соңғы үш жылда 500 мың тоннаға жуық өнім өндіріліп, оның 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы экспортқа бағытталуда. Экспорт географиясы да цифрлық логистика мен өндірістік жоспарлаудың арқасында кеңеюде. Қазақстандық шыны өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне жеткізілуде. Сондай-ақ, Еуропалық Одақ талаптарына сәйкес Польша, Эстония, Латвия және Швейцария нарықтарына экспортталуда.
Цифрландыру бағытындағы келесі маңызды жоба – «Айна Гласс» компаниясының айна өндіру зауыты. Кәсіпорында өндіріс толық автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Жартылай дайын өнімдер роботтардың көмегімен желіге орналастырылып, өңдеудің барлық кезеңдері цифрлық басқару арқылы бақыланады.
Өндірісте шыны беті автоматты түрде фильтрленген сумен жуылып, 400–600°С температурада кептіріледі, кейін вакуумдық камерада магнетрондық тозаңдату әдісімен екі қабат арнайы бояу жағу арқылы айнаға айналдырылады.
Өндірістік желінің жалпы ұзындығы 176 метрді құрайды, ал зауыттың ішкі аумағы 6 мың шаршы метр. Кәсіпорын тәулігіне шамамен 3300 шаршы метр дайын өнім шығарады.
Барлық процесс шамамен 40 минут ішінде аяқталады. Дайын өнімді роботтар жинайды, әрбір айнаға зауыттың атауы, өндірілген күні мен уақыты белгіленеді. Өндіріс барысында сапа қатаң бақылауда ұсталып, ақаулы өнімдер дереу өндірістен алынып тасталады.
Барлық кезеңдер толықтай автоматтандырылған және цифрлық бақылау жүйелерімен сүйемелденеді. Бұл өндіріс процесінің дәлдігін арттырып, адам факторының ықпалын барынша азайтады.
Жалпы алғанда, аталған жобалар цифрландыру мен автоматтандыруды тиімді қолданудың нақты үлгісі болып табылады. Бұл өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, ел экономикасының тұрақты дамуына және экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне айтарлықтай үлес қосуда.