Инжинирингтік парк: болашаққа бағытталған нақты қадам

Инжинирингтік парк: болашаққа бағытталған нақты қадам
Мемлекет Басшысы 2023 жылғы 12 сәуірде өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесте өңірлерде академиялық артықшылық орталықтарын, оның ішінде технопарктерді, инжинирингтік хабтар мен зертханаларды құру жөнінде нақты міндет қойды.
Ағымдағы жылы 19 наурызда Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарымен кездесуде алдағы бес жылда ғылым саласында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.
Сондай-ақ, соңғы уақытта зерттеу университеттері көбейіп, олардың өндірістік жобалармен байланысы нығайғанын, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» экожүйесі қалыптасып жатқанын жеткізді.
Осы стратегиялық бағытты іске асыру мақсатында жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновация еліміздің дамуының басты бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Бұл жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, елдің болашағын қалыптастыратын маңызды қадам болып табылады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті базасында Инжинирингтік парк құрылысының басталуына орай болашаққа арналған капсула салу рәсімі өтті.
Өңірде ғылым мен жоғары технологиялық ортаны дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, жергілікті органдарға тиімді өңірлік экожүйе құру міндеті жүктелген.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға сәйкес ғылымды дамыту және осы саладағы қызметті үйлестіру функциялары облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына бекітіліп, жүйелі түрде іске асырылуда.
Инжинирингтік парк – осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған ірі жоба. Ол жергілікті атқарушы органдар мен халықаралық әріптестік аясында жүзеге асырылады.
Жоба құны – 2,2 млрд теңге, ғимараттың жалпы ауданы 2,4 мың шаршы метрді құрайды.
Парк базасында өңірдің экономикалық басым бағыттарына сәйкес заманауи ғылыми-зерттеу зертханаларын құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда: үлкен деректерді өңдеу зертханасы, геологиялық ақпараттарды цифрландыру және 3D модельдеу зертханалары, жоғары өнімді есептеулер зертханасы (HPC Lab), геоақпараттық зерттеулер зертханасы (GeoData Lab), қашықтықтан зондтау зертханасы (RS-Lab), геоақпараттық жүйелер зертханасы (GIS-Lab) сияқты инфрақұрылымдар қалыптастырылады.
Бұл зертханалар ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен, экология, энергетика, жер қойнауын пайдалану сияқты салалардағы күрделі процестерді талдау және болжау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, СеулТех университетімен стратегиялық әріптестік негізінде бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру көзделген.
Инжинирингтік парк – өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды бастама. Бұл – болашаққа бағытталған нық қадам, ғылым мен технологияны ұштастырған жаңа дәуірдің бастауы.
Атап өту керек, аймағымызда ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен 9 кәсіпорын айналысады, 400-ден аса қызметкер жұмыспен қамтылған.
2024 жылы ғылыми жұмыстардың жалпы көлемі 1,3 млрд теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда бес есеге артты.
Облыс әкімдігі өңірде ғылымды, білім мен технологияларды дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.