Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджрул Рахманмен кездесті. Кездесуде өңірге инвестиция тарту және өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында аймақ басшысы Қазақстан мен Индонезия арасындағы қарым-қатынас өзара сыйластық пен серіктестікке негізделгенін атап өтті. Мемлекет басшыларының қолдауының арқасында екі ел арасындағы байланыс тұрақты түрде дамуда.
Бүгінде әлемде литий-ионды аккумуляторларға сұраныс қарқынды өскен. Осы бағытта бірқатар елдер, соның ішінде Индонезия, аккумулятор өндірісін жүйелі түрде дамытып келеді. Арал өңірінде, нақты айтқанда Шығыс және Батыс Арал учаскелерінде, Жақсықылыш тұз кен орнында литий қорын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта қосымша геологиялық барлау жүргізіп, литий өндірудің тиімді әрі экологиялық қауіпсіз тәсілдерін анықтау жоспарлануда. Бұл жоба іске асқан жағдайда өңір экономикасына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мәдениет және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, студенттер мен мамандар алмасу, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелері қозғалды. Аймақ басшысы қызығушылық танытқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, жобалар кешенді түрде сүйемелденетінін жеткізді.
Сондай-ақ Қызылорда облысының басым салаларындағы инвестиция қажет ететін 35-тен астам әлеуетті инвестициялық жобаның тизерін ұсынамыз. Жаңа жобаларды орналастыру үшін дайын инфрақұрылымы, 300 гектардан астам жер учаскесі бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды және 550 гектар аумақта «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға әрқашан дайын екенімізді жеткіземін. Бүгінгі кездесу жаңа жобалар мен бастамаларға жол ашады деп сенеміз», – деді Н.Нәлібаев.
Өз кезегінде Мохамад Фаджрул Рахман екіжақты әріптестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді.
Қазіргі таңда өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына шамамен 2 трлн теңге инвестиция тартылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 774 млрд теңгеден асты. Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10 308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны іске қосу жоспарланған.