2025 жылы Қызылорда облысында басқарма құзырындағы өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік, сауда, инвестиция тарту және сыртқы байланысты дамыту бағыттарында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім қамтамасыз етілді.
Жыл қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінің көлемі 6,4 пайызға артып, 406,4 млрд теңгені құрады. Сауда айналымы 7% өсіп, 957,7 млрд теңгеге жетті. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі 30,5% артып, 1 трлн 86 млрд теңгені құрады. ШОБ-тың экономикадағы үлесі 20,5% жетіп, салықтық түсімдер 2,5 есеге ұлғайып, 202,6 млрд теңгені құрады, - деді басқарма басышысы Мөлдір Сұлтанбекқызы.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 10,6 пайызға өсіп, 774,5 млрд теңгені құрады. Айта кету керек, Үкіметпен 2025 жылға бекітілген инвестиция индикаторы 631,4 млрд теңге болса, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 143,1 млрд теңгеге немесе 122,6% артығымен орындалды. Осы нәтижемен облыс өңірлер арасында І орынға шықты.
Тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша 280 млн АҚШ доллары межесі белгіленіп, 2025 жылдың 9 айында өңірге 205,7 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.
Қазіргі таңда жалпы құны 753,3 млрд теңгені құрайтын 14 ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталуда. Аталған жобалар өңір экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек.