Облыстық бірыңғай конкурстық комиссияның шешімі және облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметіне Тәуіпбаева Мөлдір Сұлтанбекқызы тағайындалды.
Мөлдір Сұлтанбекқызы 1978 жылы Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары: 1999 жылы Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша, 2016 жылы Қарағанды экономикалық университетін «Экономика саласын құқықтық реттеу» мамандығы бойынша, 2017 жылы Алматы менеджмент университетінде «Іскерлік әкімшілік» мамандығы бойынша бітірген.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі. Америка Құрама Штаттары Оңтүстік Калифорния университетінің «Халықаралық мемлекеттік саясат және басқару» магистрі. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1999 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің экономика және менеджмент кафедрасында зерттеуші қызметінен бастап, кейін Қаржы және несие кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы қызметтерін атқарған.
2008 жылы «Weatherford» америкалық компаниясында сатып алу және есепке алу координаторы, 2013 жылы қалалық мәдени демалыс паркінің директоры, 2016 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында индустриалды-инновациялық жобалар департаментінің директоры, 2017 жылы қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары, 2019 жылдың наурыз айынан бастап қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы, сондай-ақ Қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2023 жылдан осы кезге дейін облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасында бөлім басшысы қызметін атқарды.
Облыс әкімі жаңа басшыға маңызды міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, өңірге инвестиция тартудың тиісті шараларын қабылдау, индустриялық аймақтардың тиімділігін арттыруда шағын өнеркәсіптік парктер құру, кәсіпкерлік субъектілерінің санын, жұмыс күшін және өндірілген өнім көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруды тапсырды.