Ashyq: «Қызыл» мәртебесіндегі 12 қызылордалыққа айыппұл салынды

Ashyq: «Қызыл» мәртебесіндегі 12 қызылордалыққа айыппұл салынды

Қызылордада кәсіпкерлік нысандарымен бірге өзге де ұйымдар «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмыс жасауға ниет білдіріп отыр. Себебі қосымша нысанға кірмек болған ресми тіркелген вирус жұқтырушылар мен олармен қарым-қатынаста болғандарды анықтау мүмкіндік беруде.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің берген мәліметі бойынша өңірде «Ashyq» жобасы енгізілгеннен бері 132 факт тіркелген. Олардың 47-сі «қызыл», 85-і «сары» мәртебедегі азаматтар. «Қызыл» – нақты вирус анықталған, 14 күн оқшаулауға жіберілген азаматтарға беріледі. «Сары» мәртебесі вирус жұқтырған азаматтармен қарым-қатынаста болған жандарға беріледі. Аталмыш екі санаттағы азаматтарға қоғамдық орындарға баруға тыйым салынған.

Десе де бұл талапты орындамаушылар табылуда және оны анықтауда «Ashyq» қосымшасы маңызды рөл атқарып отыр.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сұранысына сәйкес қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Ұзақбаев қоғамдық орындарда жүргені анықталған 12 азаматтың әрқайсысына 30 АЕК немесе 87 510 теңге көлемінде айыппұл салынғанын, ал өзге азаматтарға шара карантин кезеңі (14 күн) аяқталған соң көрілетіндігін жеткізді.

21 шілдедегі ақпарат бойынша Қызылорда облысында 519 нысан  «Ashyq» жобасы аясында жұмыс жасауда. Жоба аясында жұмыс жасаушылардың 50 пайызы кәсіпкерлік нысандар болса, қалғандары ерікті қатысушы ұйымдар.

«Ashyq»-қа тіркелген нысандардың 242-сы Қызылорда қаласына тиесілі. Аудандар арасында Арал, Қармақшы, Қазалы, Шиелі аудандарының кәсіпкерлері мен өзге де ұйымдары «Ashyq» қосымшасын белсенді қолдануда.

«Ashyq» жобасына қатысты сауалдар туындаған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары кеңес беріп, сүйемелдеу жасауға әзір. Жауапты маман Палатаның сарапшысы Гүлнұр Құрмантаева. Байланыс нөмірлері: 8 /7242/ 40-09-81 (ішкі 4324), ‎+7 771 479 7582.

Айта кету керек, «Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы qr-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы covid-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады.