Бүгін ауданда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Негізгі шара аудан орталығындағы «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінде өтті.
Шара «Қаһарман ұрпаққа тағзым» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылым барысында Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр сәттері сахналық көріністер арқылы көрерменге шынайы жеткізілді. Бұдан соң қатысушылар «Тағзым алаңына» гүл шоқтарын қойып, сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Мемлекеттік Гимн орындалып, тарихи ерлік пен ел бірлігіне құрмет білдірілді.
Мерекелік шараның жалғасы ретінде Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевқа арналған мемориалдық белгінің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты бөлімде облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Ырзақұлұлы сөз сөйлеп, жиналған қауымды Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол өз сөзінде батыр бабалардың ерлігі — ел тарихының алтын парағы екенін атап өтіп, бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін ұғынуға шақырды.
Мерекелік жиын әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты. Жыршы Әділхан Қуаңбаевтың арнауымен басталған сахналық қойылымдар мен патриоттық әндер көрермендердің ықыласына бөленді.