Бүгін аудандық мәдениет үйінде жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында «Заң мен тәртіп – жас ұрпақ тәрбиесіндегі темірқазық» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті.
Іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аудандық мекемелер мен бөлімдердің басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Кеңейтілген мәжіліс барысында Қармақшы аудандық полиция бөлімінің бастығы аудан аумағындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың жағдайы және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, білім бөлімінің басшысы білім беру ұйымдарында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынды.
Аудан әкімі өз сөзінде жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығына тоқталып, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шараларын тұрақты түрде ұйымдастыруды, сондай-ақ құқық бұзушылықтың, лудоманияның, есірткі және алкоголь өнімдерін тұтынудың, әлімжеттік пен жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында кешенді түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Мәжіліс барысында аудан прокуроры және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз сөйлеп, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелері бойынша өз ой-пікірлерін білдірді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді, әрбір жасөспірім үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.