Қармақшыда ұстаз есімі ұлықталған республикалық білім бәйгесі өтті

Қармақшыда ұстаз есімі ұлықталған республикалық білім бәйгесі өтті
Кеше Қармақшы ауданы Ақжар ауылында саналы ғұмырын ұстаздық пен елдік іске арнаған арда азамат Сәден Нұртаев атындағы Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиада өтті.
Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі додаға Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан 28 жас тарихшы өз білімдерін сарапқа салды.
Жас білімгерлер сайысының ашылу салтанатында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы сөз қозғап, олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, іс-шарада «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының директоры Бауыржан Елеусінов сөз алып, еліміздің болашағы білікті де білімді жастардың қолында екенін және жастарға артылар үміттің зор екендігін жеткізді.
Білім бәсекесінде дарынды оқушылардың білім деңгейі таразыланып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.