Қармақшыда самбодан облыстық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті

Қармақшыда самбодан облыстық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті
Ауданымызда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы СЕРІКБАЕВ ӘДІЛБЕК ҮРГЕНІШБАЙҰЛЫН еске алуға арналған 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында самбодан облыстық ашық турнир басталды.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы Әділбек Үргенішбайұлының Қармақшы ауданындағы спорт саласының дамуына сіңірген елеулі еңбегін атап өтіп, турнирге қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Биыл алғаш рет өткізіліп жатқан турнирге Қызылорда, Жамбыл, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Алматы облыстарынан 14 команда, 160 спортшы қатысуда.
Әділбек Үргенішбайұлы еңбек жолын 1986 жылы Қармақшы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінің жаттықтырушысы болып бастап, әрі қарайғы саналы ғұмырын жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға және ұрпақ тәрбиесіне арнаған.
Шәкірттері халықаралық, республикалық сайыстарда жүлде алып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, самбо және қазақ күресінен 5 шәкірті – Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 32 шәкірті – Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Әділбек Үргенішбайұлы спорттағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен және «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.