Бүгін Қармақшы ауданының әкімі Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы мұсылман қауымының ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесі қарсаңында аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Абенов Жақсыбек Әбиұлын қабылдады. Кездесуде аудан әкімі барша мұсылман қауымы асыға күтетін құрбан айт мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. -Өзіңізді және барша аудан тұрғындарын ұлық мейрам қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт – кең пейілділік пен жомарттықтың, бауырмалдық пен қайырымдылықтың мерекесі. «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам,- деді аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы. Өз кезегінде бас имам Жақсыбек Әбиұлы аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлына жаңа қызметіне ізігі лебізін білдіріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлының құттықтауын табыстап, алдағы уақытта еңбегінің табысты да абыройлы болуына тілектестігін білдірді.