Қармақшыда Чернобыль апатына қатысқандарды еске алды

Қармақшыда Чернобыль апатына қатысқандарды еске алды
Жосалы кентіндегі жастар саябағында орналасқан Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысып қаза болған жерлестерге арналған ескерткіш белгі басында гүл шоқтарын қойып еске алу шарасы өткізілді.
Ең алдымен жиналғандар құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ірі апаттың салдарын жоюға қатысқандарға тағзым етті.
- Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ең алдымен ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу туралы тарихи шешім қабылдады. Өйткені Чернобыль апаты бүкіл әлемге атом энергиясының бақылаудан шығып кетсе қандай күйге ұшыратынын көрсетіп берді. Сонымен қатар бұл қайғылы оқиға өз өмірлерін аямастан апаттың зардабын жоюға атсалысқан адамдардың ерік-жігері мен батырлық үлгісін де таныта алды. Бүгін біз Чернобылдық ерлерді еске алуға жиналып отырмыз. Өздеріңіздің сол кезеңдегі іс-әрекеттеріңіз - бүгінгі жас ұрпақ үшін ерліктің ерен үлгісі, — деді аудан әкімінің орынбасары Ж. Омаров.
Апат зардабын жоюға белсене атсалысқан 30-ға жуық аудан ардагерлері арнайы келді. Олар сол кездегі оқиға сәттерінен естеліктер айтып, жастар қауымын заманның тыныштығын қадірлей білуге шақырды.
Шара соңында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен азаматтар мен қаза болған азаматтардың отбасы мүшелері облыс әкімінің алғыс хаттарымен және «Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.