Аудан кәсіпкерлеріне облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары түсіндірілді

Аудан кәсіпкерлеріне облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары түсіндірілді
Былтырғы пандемия аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына айтарлықтай әсерін тигізді. Осыған орай, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықованың тапсырмасына сәйкес 2020 жылы «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму» жоспары бекітілген болатын.
Аталған жоспарды жүзеге асыру мақсатында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік және туризм, индустриялық – инновациялық даму, ауыл шарушылығы басқармалары, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Болашақ университеті, Ы. Жахаев атындағы Қазақ ғылыми зерттеу күріш институты мамандарымен бірлескен жұмыс тобы құрылып, азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар өндірісі, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдарын шығару, тұрғындарға қызмет көрсету салалары бойынша жаңа 153 жобаның төлқұжат пен бизнес жоспарлары әзірленді.
Оның аясында аймақта ірі 500 жоба іске асатын болады. Ірі өндірістер айналасында ілеспе бизнес құрылып, өнеркәсіптік өңдеудің жаңа бағыттары айқындалады. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік емес қаржы институттарының бағдарламаларын кешенді пайдалануға назар аударылады. Сол арқылы өңірдің азық-түлікпен және бірінші қажеттіліктегі тауарлармен өзін-өзі қамтамасыз етуді, жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасалады.
Осы орайда, әзірленген жобалардың төлқұжаттары (қысқаша сипаттары) және бизнес жоспарларын ауданымыздың кәсіпкерлеріне таныстыру мақсатында жұмысшы топ өкілдері ауданымызда жобалардың төлқұжаттарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуге ауданымыздағы тиісті сала бөлімдерінің басшылары және Атамекен ҰКП жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері, ауданымыздың кәсіпкерлері мен шаруа қожалық төрағалары қатысты.
Кездесу барысында жобаларға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау шараларын алу мүмкіндіктері айтылды. Сонымен қатар аудандарда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі талқыланды.