Аудан әкімі Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде және Байқоңыр қаласында болды

Аудан әкімі Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде және Байқоңыр қаласында болды
Қармақшы ауданының әкімі М. Қалдарбеков жұмыс сапарымен Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде және Байқоңыр қаласында болды.
Алдымен аудан басшысы Төретам кентіндегі «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында жөндеу жұмыстары басталған көшелердің тұрғындарымен және мердігер мекеменің басшысымен кездесті.
Үстіміздегі жылы Төретам кентінде 20 көшені орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан басшысы мердігер мекеменің өкілімен кездесуде - Жоба аясында басталған жұмыстарды сапалы және уақытылы орындау қажет. Әрдайымда мердігерлердің жол құрылысы нысандарындағы жұмыстарын сапалы жасауға көңіл бөлу керек. Бұл жұмыстардың барлығы халық игілігі үшін іске асып жатыр. Жоба аясындағы атқарылатын жұмыстар тұрғындар сұранысына сай сапалы болуы керек. Бұл күндері халыққа көзбояушылық қажет емес екенін қоғамда көріп келеміз,- деді аудан әкімі Мұса Оспанұлы.
Мердігермен кездесуде атқарылатын жұмыстардың барысын көріп, құрылыс нысандарының кемшілік тұстарын айтып, оларды жоюға жұмыс жасау тапсырылды және тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Мұнан кейінгі азық – түлік өнімдерін төмен бағада сатуға арналған автобекет маңында орналасқан кәсіпкерлік нысанын көрді.
Тікелей делдалсыз жеткізілетін азық – түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жеке кәсіпкерлермен пікірлесті.
Сонымен бірге Төретам кентіндегі клуб үйінде болып, ауыл ақсақалдарымен жүздесті. Кездесуде аудан басшысы ақсақалдармен атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап, алдағы жоспарлармен бөлісіп коронавирус індетінің алдын алуға байланысты түсіндіру шараларын айтып өтті.
Елді мекендерді аралап, өнеркәсіптік өңдеудің жаңа бағыттарын айқындау мақсатындағы аудан басшысының сапары Ақай ауылдық округінде жалғасты.
Ақай ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Жаппасбаев Ерланның күн энергиясын алу панелдері орналасқан нысанымен танысты. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер күн энергиясының қуатымен Ақай ауылындағы екі көшенің тұрғындарын энергиямен қамту бағытында атқарылатын жұмыстарды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сонымен бірге жаңа технологиямен суарылатын шағын жылыжайдың жұмысын аралап көрді.
Төретам кенті мен Ақай ауылдық округтерінде кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндіктер мол. Байқоңыр қаласынан мал өнімдері мен азық-түлікке сұраныс жоғары. Осы ретте өндірістегі өңдеу цехтары немесе мал бордақылау алаңдары бағытында жұмыстарды жандандыру маңызды.
Аудан әкімі кәсіпкерлік нысанды аралағаннан кейін Ақай ауылдық клуб үйінде ауыл ақсақалдарының ұсыныстарын тыңдап, пікірлерімен бөлісті.
Ауыл тұрғындарының аяқ-су мен ауыз су мәселесіне қатысты пікірлерін тыңдап, ауылдық елді мекенді дамытудың өзге де салаларына баса назар аударып, ауылдық округ әкіміне нақты тапсырмаларды жүктеді.
Сонымен бірге жұмыс сапары барысында аудан басшысы Байқоңыр қаласында орналасқан «Бақытты отбасы» орталығының ғимаратындағы ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды көрді. Тиісті сала басшыларына алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды саралап нақты тапсырмалар берді.