Аудан әкімі жүлделі орындарды иеленген спортшыларды қабылдады

Аудан әкімі жүлделі орындарды иеленген спортшыларды қабылдады
Қармақшы ауданының әкімі М. Қалдарбеков түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген спортшыларды қабылдады.
Карантин талаптарына сәйкес санитарлық ережелерді сақтай отырып өткен кездесуге аудандық мәслихатының хатшысы, аудан ардагерлері мен спорт саласының басшылары, чемпионаттар мен ел біріншіліктерінде жүлделі орындарды иеленген жастар мен жасөспірімдер қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімі «Спорт – денсаулық кепілі десек, спорттағы жетістіктер – ел мерейін өсіретін, азаматтық намыс пен жігерін шыңдап, даңқын арттыратын тынымсыз еңбек пен төккен тердің жемісі. Киелі де қасиетті Қармақшы өңірінің абыройын асқақтату жолындағы спорт саласында жеткен жетістіктеріңізге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да спорт саласының сан қырлы сырларын меңгеріп, жеңіс туын әрдайым биіктен желбіретуге тілектеспін» - деді Мұса Оспанұлы.
Сонымен қатар кездесуде аудандық мәслихатының хатшысы Ә. Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Есдәулетов сөз сөйлеп, жас спортшыларға жоғары көрсеткіштерге жетуде өздерінің тілектестіктерін жеткізді.
Өз кезегінде қатысушылар арасынан сөз алған жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатынның жүлдегері Д. Әбілахатов спорт саласының дамуына қолдау көрсетудегі басшылыққа ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында аудан әкімі М. Қалдарбеков үздіктер сапынан көрінген жас спортшыларға алғыс хаттар табыстап, сый-құрмет көрсетті.