Жастар арасында облыстық футбол турнирі ұйымдастырылды

Жастар арасында облыстық футбол турнирі ұйымдастырылды

Ақтөбе ауылдық округінде аудан әкімінің тапсырмасымен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту мақсатында футболдан облыстық турнир ұйымдастырылды.

Дәстүрлі спорттық додаға облыс көлемінен жастар ұйымдары мен әр ауданның жастар ресурстық орталықтарының командалары қатысып, жалпы 7 командадан 100-ге жуық жас спортшы бақ сынады. Турнир барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, облыстық «AMANAT» партиясының төрағасы Жандос Базартай қатысушыларға және жарыстың жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тіледі.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Жастар рухы» командасы иеленсе, ІІ орын Жалағаш ауданына, ІІІ орын Сырдария ауданының командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жарыс аясында үздік ойын көрсеткен қатысушыларға арнайы «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қақпашы» номинациялары табысталды.