Инновацияларды дамыту – басты бағыт

Инновацияларды дамыту – басты бағыт

Мемлекет басшысы айқындап берген әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын іске асыру мақсатында аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті жиын өтті.

Жиында ауданның дамуын қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі – инновацияларды дамыту мәселесі қаралды.

Жандос Еркінбек:

– «Бүгінгі таңда әлемдік экономика қарқынды өзгеріп, жаңа технологиялар мен инновациялар қоғам дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Сондықтан, ауданымыздың тұрақты дамуы үшін инновациялық бағыттарды қолдап және жаңа бастамалардың жүзеге асырылуына серпін беруіміз қажет. Бұл ретте ең алдымен білім беру саласына басымдық беруіміз керек», – деп саланың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде аудан бойынша инновациялық бағытта 6 білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Осы мектептерде білім беру сапасын арттыру, заманауи оқыту әдістерін енгізу мәселелері күн тәртібінде тұр.

Аудан әкімі мектептерде робототехника, бағдарламалау, IT бағыттары мен ғылыми жобаларға ерекше көңіл бөліп, осы бағыттағы үйірмелер санын арттыруды тапсырды. Сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстарды да жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ тиісті сала басшыларына макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімін қамтамасыз ету және жоспарланған межелерге қол жеткізу бағытында бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жиын қорытындысында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, инновациялық бағыттағы жұмыстарды жүйелі орындау тапсырылды.