
Бүгінде Қызылорда қаласында соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар аймақтың өркендеуінің айқын көрінісіне айналып отыр. Соған байланысты ауданымыздың ардагерлері киелі Сыр елінің әлеуметтік және мәдени нысандардың жұмысын көрді.
Танымдық сапар аясында делегация аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен қала орталығында бой көтерген ұлттық және заманауи үлгідегі мәдени – әлеуметтік нысан «Анаға тағзым» орталағының қызметімен танысты. 2023 жылы ашылған бұл орталық ұлттық құндылықтарды насихаттауға, аналардың мәртебесін арттыруға және отбасылық институтты нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ордасының жұмысымен танысты. Заманауи талаптарға сай салынған мектеп оқушыларға сапалы білім алуға барлық мүмкіндік қарастырылған білім беру нысаны болып табылады.
Бұдан бөлек, делегация өңірдегі ірі спорт нысандарының бірі – салынып жатқан 11 мың орындық Орталық стадион құрылысымен танысты. Құны 26,5 млрд теңгені құрайтын стадион халықаралық талаптарға сай салынып, бірнеше спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді.
Сапар аясында жаңадан ашылған «Құзыреттілік орталығы» мен Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратын да аралады. Заманауи үлгіде салынған музейде өңір тарихын танытатын мыңдаған құнды жәдігерлер қойылған және интерактивті технологиялар кеңінен қолданылған.
Жалпы сапар барысында ардагерлер мұндай игі бастамалар аудан көлемінде де жалғасын табуы тиіс екенін жеткізді.