
Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурыз - Ұлттық киім күніне орай, ауданымыздың орталығында «Ұлттық киім – ұлт мәдениеті» атты киімдер шеруі өткізіліп, арнайы мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік кештің негізгі бөлігіндегі шеру барысында Қорқыт ата бейнесі сахналанып, көш басындағы көк Туымыз желбіреп, ұлттық руханияттың терең тамыры дәріптелді. Сонымен қатар қатысушылар ұлттық киімдердің түрлі үлгілерін көрсетіп, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін кеңінен көрсетіп өтті. Заманауи үлгідегі киімдер де көрермен назарына ұсынылды.
Тағылымды шараның екінші бөлімінде аудан өнерпаздары ән шырқап, жырдан шашу шашты. Жыршылар айтысы көрермендердің ерекше ықыласына бөленсе, жас ақындар өнеріміздің өміршеңдігін көрсетті.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада қатысушылар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.