
Ауданымызда қазақтың төл спорты – қазақ күресінен 2011–2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігі бастау алды. Ұлттық спортты ұлықтауға бағытталған бұл маңызды жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Биылғы додаға Сыр елінің 7 ауданынан 18 команда қатысып, 170-ке жуық жас спортшы бақ сынауда. Екі күнге жоспарланған жарыс 17–18 наурыз аралығында жалғасады.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, қазақ күресінің маңызын атап өтті:
«Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық рухын көрсететін ерекше спорт түрі. Бүгінгі жарыстың Ұлыстың ұлы күнімен қатар өтуі – оның мәнін одан әрі арттыра түседі. Жастардың спортқа деген қызығушылығы мен салауатты өмір салтын таңдауы – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Барша жас спортшыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін», – деді.
Сонымен қатар жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып отырған ұйымдастырушыларға, бапкерлер мен спорт жанашырларына алғысын білдірді.
Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша анықталған жеңімпаз жүлдегерлер Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алатын болады.