
Бүгін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сапар барысында Жосалы және Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалдарының құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, Байқоңыр қаласындағы спорт кешенін көрді.
Жосалы кентіндегі теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың ішкі бөлігінде қабырғаларды ақтау, сырлау жұмыстары атқарылған. Ал сыртқы бөлігінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында қабырғаларды травертин тасымен қаптау жұмыстары жалғасып жатыр.
Төретам кентінде қазіргі уақытта вокзал ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сыртқы жұмыстар аясында шатырды жаңарту жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Ғимараттың сыртқы қабырғасына травертин тасын қаптау 95 пайызға орындалған. Қазіргі уақытта сыртқы саты мен арка орнату жұмыстары басталуда.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Байқоңыр қаласындағы құрылысы жүріп жатқан спорт кешенін де аралап, нысанның жұмысымен танысып, бұл бағытта бірқатар тапсырмаларын берді.
Сапар барысында нысандардағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуы назарға алынды.