Қармақшыда Конституция жобасы кітапхана қызметкерлерімен талқыланды

Қармақшыда Конституция жобасы кітапхана қызметкерлерімен талқыланды

Бүгін Қармақшы ауданындағы ақпараттық жұмыстар аясында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов кітапхана қызметкерлерімен кездесті. Жиын еркін форматта өтіп, әркім өз ойын ашық айтуға мүмкіндік алды.

Кездесуде елдегі өзгерістер, Конституцияның рөлі және халықтың болашағына әсер ететін маңызды бастамалар сөз болды. Руслан Рүстемов жаңа кезеңде әділдік пен ашықтық басты орында тұруы тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, әр азаматтың құқығы қорғалмайынша, елде шынайы даму болмайды.

Ол Конституцияны жай құжат емес, халықтың мүддесін қорғайтын негізгі тірек деп атап өтті.

«Әр адамның даусы естілетін, бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру – ортақ міндет. Біз әділ елді бірге қалыптастыруымыз керек», – деді ол.

Кітапхана саласының мамандары да пікір білдіріп, мәдениет пен білімнің маңызын атап өтті. Олар рухани құндылықтарды сақтау, жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және мәдени ортаны дамыту жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Кездесуге аумақтық коалиция төрағасы Әділ Қошалақов, коалиция мүшелері Орынбасар Төлепов, Ерболат Ұзақбаев, Дәулет Қанатбай қатысып, Ата заң жобасындағы өзгерістерден хабардар етті. Сонымен қатар елдің болашағына кепіл болатын Конституциямызды бірауыздан қолдауға шақырды.

Жалпы қатысушылар ортақ мақсат – әділетті әрі дамыған Қазақстан құру жолында бірлесе әрекет ету қажет деген ойға тоқтады.