
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен жиын өтті. Күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік салалардағы өзекті мәселелер барысы қаралды.
Мәжілісте бірінші кезекте көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі талқыланды. Аудан әкімі егіс науқанын сапалы әрі мерзімінде өткізу үшін агротехникалық талаптардың сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.
-Су мәселесі ерекше назарда болуы тиіс. Сондықтан биыл суару жүйелерінің толық дайын болуын қамтамасыз ету, каналдар мен арықтарды тазалау, су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану – ең басты міндеттердің бірі. Осыған сәйкес жоғарыдан келетін судың көлемін тұрақты бақылауда ұстауымыз керек,- деді Жандос Еркінбек.
Аталған мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне, кент және ауылдық округ әкімдеріне бекітілген тапсырмалардың уақытылы орындалуы жүктелді.
Сонымен қатар мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтардың мәселелері де қозғалды. Осыған сәйкес денсаулық сақтау ұйымдары мен ауылдық округ әкімдеріне сақтандырылмаған азаматтар санын азайту бойынша нақты жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, көтерілген барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді.