
Бүгін Ақай ауылдық клуб үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелері «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» тақырыбында халықпен кездесу өткізді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртай, аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақов, аудан әкімінің орынбасары Ш.Сыдықов, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, мекеме және кәсіпорын басшылары, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ел көлемінде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның мән-маңызы мен мазмұнын кеңінен түсіндіру, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және алдағы республикалық референдумға қатысты ақпарат беру болды. Кездесу барысында Сенат комитетінің мүшелері жаңа Конституция жобасының басты бағыттарына, оның ішінде бір палаталы Парламент құру, адам құқықтарын қорғауды күшейту, цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ, реформаның «Әділетті Қазақстан» қағидатын орнықтыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді. Қатысушыларға жаңа Конституция жобасының жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде әзірленгені, азаматтардың ұсыныстары ескерілгені туралы айтылды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Ашық форматта өткен жиын пікір алмасуға мүмкіндік беріп, қоғам мен билік арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға ықпал етті.
Ұйымдастырушылар мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Конституциялық реформа – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам екені ерекше айтылды.