«Руханият» орталығы мен тұрғын үйлердің құрылысы бақылауда

«Руханият» орталығы мен тұрғын үйлердің құрылысы бақылауда

Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Сыдықов жұмыс сапары барысында «Руханият» орталығының қызметін бақылап, орталықтың қазіргі мүмкіндіктерін тексерді.

«Руханият жылы» аясында салынған бұл кешенде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер үйі және аналарға арналған арнайы бірлестіктер орналасқан. Қазіргі таңда орталық аудан тұрғындары мен қонақтарына кең көлемде мәдени, танымдық және қоғамдық бағытта қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар, Тәуелсіздік ықшам ауданында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексерді. Аталған аумақта әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған 2 пәтерлі 50 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Тұрғын үйлер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қазіргі талаптарға сай салынып жатыр.

Шыңғыс Әбділәмитұлы құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, жауапты мердігерлерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жұмыс сапары барысында алдағы уақытта аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар тұрақты назарда болатындығы айтылды.