Әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері марапатталды

Әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері марапатталды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Жандос Еркінбек Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, салтанатты қабылдау өткізді.

Мерекелік жиында аудан басшысы сала мамандарына қоғам өміріндегі маңызды еңбектері үшін алғыс білдірді. Өз құттықтауында Жандос Еркінбек:

«Сіздердің осындай адал еңбектеріңіз – адамдардың өміріне жылылық пен үміт сыйлайды. Әрбір көрсетілген көмек, әрбір шешілген мәселе – қоғамдағы сенім мен қамқорлықтың көрінісі. Сондықтан әлеуметтік қызметкер – бұл тек мамандық иесі ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бей-жай қарай алмайтын мейірбан жан. Осы ретте әлеуметтің осал топтарына қол ұшын беруде уақытпен санаспай, әлеуметтік саланың дамуына қосқан ерекше үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін», – деді.

Биыл ауданның әлеуметтік саласына тиісті қаржы бағытталып, нақты әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылды.

Іс-шара барысында сала үздіктеріне облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары мен гүл шоқтары табысталды.

Құттықтау рәсімінен кейін сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева әлеуметтік сала қызметкерлеріне ізгі тілектерін жеткізді.

Аудан басшысы мерейлі мереке иелерінің еңбегін жоғары бағалап, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.