Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендердің жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында Қармақшы ауданында бірқатар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы жұмыстардың орындалу барысын бақылау мақсатында аудан әкімі Жандос Еркінбек жұмыс сапарымен Жосалы және Иіркөл ауылдық округтерінде болып, құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен аудан басшысы Жосалы ауылдық округінде орналасқан орталық алаңды абаттандыру жобасымен танысты. Аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталған. Қазіргі таңда алаң аумағына тас төсегіш (брусчатка) жұмыстарының 90%-ы жүргізіліп, қоршау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, орнатылатын құрал-жабдықтар алаңға толық жеткізілген. Жоспарға сәйкес, нысан қазан айының соңында толық пайдалануға беріледі.
Келесі кезекте аудан әкімі Иіркөл ауылдық округіндегі аудандық маңызы бар «Самара–Шымкент–Иіркөл» автожолы бойындағы су өткізгіш құбырын күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Құрылыс барысында ұзындығы 0,3 шақырымдық айналма жол салынған. Су құбыры төселетін аумақтың жол табаны нығыздалып, су өткізгіш құбыры да орнатылды. Қазіргі таңда құбырдың үстіне құм төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі әр нысандағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап, мердігер мекемелерге сапалы және белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына жұмыстардың барысын тұрақты бақылауда ұстауды жүктеді.