Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттер талқыланды

Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттер талқыланды

Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен өткен кезекті мәжілісте 2025 жылғы қаңтар–қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің орындалу барысы қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиында күн тәртібіндегі аталған мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Ниматулла әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен жылдың соңына дейін орындалуы тиіс жоспарларды атап өтті. Осыған сәйкес аудан әкімі барлық жоспарлы көрсеткіштердің жыл соңына дейін толық орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Сондай-ақ жиын барысында бюджеттің атқарылу мәселесі де қаралды. Жалпы аудан бойынша тоғыз айдың қорытындысымен қаржы толықтай 100 пайызға игеріліп отыр. Алайда, алдағы уақытта тиісті сала басшыларына игерілмеу қаупі бар қаржыларды анықтап, жедел шешім қабылдау қажет екендігі де ескертілді.

Кәсіпкерлік саласы да назардан тыс қалмады. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір кент және ауылдық округтерге кәсіпкер тарту және қолдау жұмыстары жүргізілуде.

Мәжіліс барысында жылу беру маусымының басталуына байланысты әлеуметтік нысандарды жылумен қамту мәселесі көтерілді. Жандос Еркінбек аталған міндетке қатысты ешқандай мәселе туындамауы үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қадағалауды тапсырды.

Жиын соңында аудан әкімі мәжілісте айтылған әрбір мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстауды жауапты тұлғаларға жүктеді.