Қармақшыда қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді

Қармақшыда қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді

Уақыт алмасқанымен, ұрпақтың үлкенге деген құрметі ешқашан ескірмек емес. «Қариясын қадірлеген ел – қазыналы ел». Өткеннің аманатын арқалап, бүгінге тағылым қалдырған қариялар – қоғамның басты байлығы.

Осы орайда Халықаралық Қарттар күні аясында Қармақшы ауданында ардагерлерге арналған салтанатты қабылдау ұйымдастырылып, аудан ақсақалдары мен ақжаулықты аналарымызға «Мәлике ана» мейрамханасында құрмет көрсетілді.

Мерекелік шара барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз алып, ұзақ жылдар бойы ауданның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге алғыс білдіріп, жылы лебізін жеткізді:

«Бүгінгі бейбіт өмір, тұрақтылық пен дамудың негізі – осы ардақты аға буынның маңдай тері мен табанды еңбегі», – деп ардагерлерге көрсетілетін қолдау шараларына да тоқталды.

Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, құрылыс саласының ардагері Қаршыға Есдәулетов, қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, сондай-ақ Ерболат Ұзақбаев ардагерлерге ақжарма лебізін арнап, мерейлі мерекемен құттықтады.

Сонымен қатар, Қармақшы және Жаңажол ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағалары Мұхтар Таңбаев пен Бақытбек Тәуекелов те ізгі тілектерін білдіріп, ардагерлер қауымына деген құрметтің маңызына тоқталды.

Ардагерлерге арналған бұл жиында тағылымды сөздермен қатар, рухани кеш те болды. Ауданның өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, ақсақалдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ардагерлерге деген құрмет – ұрпақ санасындағы тәрбиенің ең асылы. Қариясы бар ел – рухы биік ел. Ал Қармақшы – сол рухты қадірлей білетін аудан.