Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен аудандық мәслихаттың кезекті XXXV сессиясы өтті. Мәслихат депутаттары, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысқан сессияның күн тәртібінде 12 мәселе қаралды.
Жиында Қармақшы ауданының 2025 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек сессия барысында баяндама жасап, киелі Қармақшының әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталды.
«Ауданымыздың экономикалық әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Соның бір дәлелі – аудан бюджетінің еселеп ұлғаюы. 2025 жылға бастапқыда 12 млрд 176 млн теңге көлемінде бекітілген аудандық бюджет, жыл ішінде екі мәрте нақтылау нәтижесінде 20 млрд 894 млн теңгеге жетіп, 8,9 млрд теңгеге яғни 73,4 пайызға артты. Бұл – тиімді жоспарлау мен қосымша қаржы көздерін тартудың нақты нәтижесі», – деді аудан басшысы.
Жиында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, халықты әлеуметтік қолдау және қауіпсіздік шаралары бойынша да нақты көрсеткіштер айтылды. Атап айтқанда: газдандыру бойынша 2024 жылы 2 млрд 387 млн теңге қаралса, биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 5 млрд 982 млн теңгеге жетті. Автомобиль жолдарына 2024 жылы 2 млрд 175 млн теңге болса, биыл 8 айда 1 млрд 782 млн теңге бөлінді. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға биылғы 8 айда 260,2 млн теңге қаралды. Инженерлік инфрақұрылымға 983,2 млн теңге, тұрғын үймен қамтамасыз етуге 750,1 млн теңге бағытталған. Бұдан бөлек аудан бюджетінің басым бөлігі халықтың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалып отыр.
Сессияда жол қауіпсіздігін арттыру шаралары да сөз болды. Атап айтқанда, 2 кент пен 12 ауылдық округке жол белгілерін орнату үшін аудандық бюджеттен 5,7 млн теңге қаржы бөлініп, 353 дана жол белгісі орнатылды. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының аудан аумағындағы бөлігіне 14 дана ауыл шаруашылығы жануарларының жол белгілері қойылды.
Сессия жұмысы барысында ауылдық округ әкімдері де есеп беріп, әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Сөз соңында аудан әкімі Жандос Еркінбек: «Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер, мемлекеттік бағдарламалар мен облыс әкімінің жоспары негізінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деп атап өтті.
Сессия қорытындысымен ауданның 2025 жылға арналған бюджетінің орындалу барысы және алдағы кезеңдегі басым бағыттар нақтыланды.