Бүгін Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің халық алдындағы есеп беру кездесуі Жосалы кентінде қорытындыланды.
Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесу барысында аудан басшысы Қармақшы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталып, көтерілген сұрақтарға нақты жауап берді.
Бүгінгі таңда Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған көшелердің көрсеткіштерін жақсарту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Келмембет батыр, М.Шыңғысов және Н.Нақыпов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарына жалпы құны- 398 млн теңге бөлінсе, Алтынасар көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 47 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері атқарылуда.
Қазіргі таңда тұйық және қысқа көшелерді жарықтандыру мақсатында 167 дана жарық бағанасы мен қажетті жабдықтар демеушілік арқылы сатып алынып, 19 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ізтілеуов, Келмембет батыр, Тоғанас батыр, Меңей батыр, Мәдірайым ишан, Қазантаев, Қабылан батыр тұйығы, Н.Нақыпов, Тұрмағамбетов, Қалқай ишан және Кшенов көшелерін жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны – 359 млн теңге.
Сондай-ақ, Ардагерлер саябағында «Г» формада 64 дана жарық бағанасы орнатылып, декоративті жарық ленталарымен безендірілуде.
Абаттандыру жұмыстары да басты назарда. Аталған жұмыс аясында М.Құдабаев пен І.Мүсірбаев көшелерінде балалар ойын және спорт алаңдары салынуда. Әр нысанға футбол, баскетбол, балалар ойын және спорт алаңдары қарастырылған. Жобаға 57 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, әр жылдары пайдалануға берілген балалар ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Қасымов, Тайшық би және Құлмұратов көшелеріндегі алаңдарда әрлеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл мақсатқа 4,9 млн теңге бөлінген.
Жаяу жүргіншілер жолын салу бағытында да нақты шаралар атқарылуда. Байзақтегі көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға 59 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов көшесіне де жаяу жүргіншілер жолын салуға 44 млн теңге бөлініп отыр.
Жиын соңында аудан басшысы халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, кез келген уақытта халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, сапалы өмір сүруіне жағдай жасау – басты мақсат екенін, осы бағытта ел мүддесіне сай жұмыс жүргізіліп келе жатқанын жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Барлық сұрақтарға аудан әкімі нақты әрі тұщымды жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын айтты.