Жосалы мен Иіркөл ауылдары жаңару жолында

Жосалы мен Иіркөл ауылдары жаңару жолында

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Жосалы және Иіркөл ауылдық округтерінде халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар іргелі істер атқарылды. Аталған ауылдарға аудан әкімі Жандос Еркінбек тұрғындармен есептік кездесу өткізіп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алда тұрған жоспарлар туралы баяндады.

Жосалы ауылдық округінің 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған бюджет көлемі 50,5 млн теңгені құрап, толықтай игерілді. Иіркөл ауылдық округі бойынша да осындай нәтиже байқалды – 44,8 млн теңге көлеміндегі қаражат мақсатты түрде жұмсалып, жоспарланған жұмыстар уақтылы орындалды. Мұның өзі ауыл экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселенің бірі – ауыз су. Қазіргі таңда Жосалы мен Иіркөл ауылдарының барлық тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен толық қамтылған.

Сондай-ақ аяқ су мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Жосалы ауылында Сырдария өзенінен арнайы насос арқылы 3,5 шақырым қашықтыққа су айдалып, арық жүйесімен үйлердің іргелік жерлеріне жеткізілсе, Иіркөл ауылында аяқ су Балажарма каналынан табиғи ағынмен келіп, ауылдың ішкі арықтарымен таратылады.

Ауыл келбеті – сол елді мекеннің даму көрсеткіші. Осы ретте қос округте абаттандыру мен көгалдандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды:

Жосалы ауылында П.Байшораұлы көшесіне жарықтандыру жүйесін орнатуға 27,8 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Иіркөл ауылында ұзындығы 8,45 шақырым болатын Қазақстан көшесіне 41 жарық бағанасы орнатылып, жоба 24,4 млн теңгеге жүзеге асырылуда.

Ауыл экономикасының маңызды секторы – шағын және орта кәсіпкерлік. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Ұлттық жоба» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары арқылы бірнеше тұрғын жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашты.

Халықпен кері байланыс – басты назарда. Кездесу соңында аудан әкімі Жандос Еркінбек халық тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берді.