Қармақшыда Ұлы Отан Соғысының ардагері Шәкіман Бектібайұлына көше атауы берілді

Қармақшыда Ұлы Отан Соғысының ардагері Шәкіман Бектібайұлына көше атауы берілді
Жосалы кенті орталығындағы көшеге Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қармақшы ауданының құрметті азаматы Шәкіман Бектібайұлының есімі берілді.
Шараға Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Ж. Омаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Есдәулетов, балалары мен ұрпақтары қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Ж. Омаров, өзге де ел ағалары өнегелі өмір жолы, ғибратқа толы ғұмыры жайлы естеліктер айтып, өткен күндерге шолу жасады.
Сондай-ақ, майдангердің ұлы Бақытбек Бектібаев әке есімін ардақтаған халқына ризашылығын білдіріп, келешекте көшенің абаттандыру жұмыстарына атсалысатынын жеткізді.
Шәкіман атамыз ХХ ғасырдың ауыртпашылығы мен қиын кезеңінде өмірге келсе, тарихтың сынына жан аямай қарсы тұрғанын білеміз. Сонау жастық шағы 30 жылдардың ашаршылық кезеңімен тұспа тұс келіп, қоғамдық өмірге араласып, осындай еңбек пен тұрмыс тәрбиесі болашағы үшін шыңдалған өмір мектебі болды.
Шәкіман Бектібайұлы жастайынан қиындықты көп көрген адам. Себебі, қоғам дүрбелеңге толы кезең еді. Соғыс басталғанда жас жігіт оттың ортасына түседі. Оқ тиіп жараланады. Тағдыр жазып аман-есен туған еліне де оралады. Еңсе көтеріп елге қызмет ете бастайды. Төзімді адам, ақылды адам қай кезде де мақсатына жетеді.
Ұл өсірді, қыз тәрбиеледі. Барлығы да ұрпақ көшін ілгері апарып, шаңырақ көтеріп, әулеттің даңқын асырды. «Әр нәрсенің қайыры бар» деп қазақ осындай жағдайды айтқан болуы керек. Шәкең ақсақал көп сөйлемейтін, бірақ, айтқан сөзінде қуат бар, ұлағат пен ақылға суарылған әңгіме айтатын адам еді.
Біреуге жағымпазданып қадірін кетірмейтін, өтірік сөйлемейтін, бойында бекзаттық, ойында адалдық, ісінде жасандылығы жоқ кісі еді. Халық даналығында «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді»- дейді. Өмірден өткенінше қолынан қаламын тастамай өлең өлкесінде өз желкенін керіп, «қазақтың күпі киген қара өлеңін» қадірлеп, толғанып, толымды дүниені артына мұра етіп қалдырды.
Бүгінгі таңда елі ұлықтаған Шәкіман Бектібайұлы кезінде майдан даласында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін көптеген жауынгерлік медалдармен марапатталған. Ал бейбіт заманда зейнеткерлікке шыққанша адал еңбегімен көпке үлгі бола білді.