Бүгін Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында кәсіби мереке - 23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты жиын өтті.
Іс-шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Сыдықов ашып, мемлекеттік басқару саласындағы адал еңбек пен жауапкершілік туралы сөз қозғап, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, Қазақстан полициясы күніне орай құқық қорғау органдарының өкілдеріне де ізгі тілегін білдіріп, ел тыныштығы жолындағы еңбектеріне алғыс айтты.
Жиын барысында мемлекеттік қызметкерлердің ата-аналарына жоғары ілтипат көрсетілді. Оларға Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты табысталып, бала тәрбиесіндегі еңбектері мен үлгілі өнегелері үшін ризашылық білдірілді.
Сонымен қатар, кәсіби міндетін абыроймен атқарып жүрген бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен және саланың дамуына айтарлықтай үлес қосқан мамандар аудан әкімінің арнайы марапаттарымен табысталды.
Сондай-ақ, Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған шағын футбол турнирінің нәтижесінде жеңімпаз командалар да салтанатты жиын барысында арнайы марапатқа ие болды. Оларға аудан әкімінің атынан дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Салтанатты жиында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов құттықтау сөз алып, мемлекеттік қызметшілердің ел игілігі жолындағы ерен еңбегін ерекше атап өтті. Олар халыққа сапалы қызмет көрсету, тұрақтылық пен өркендеуге үлес қосудағы рөлінің маңыздылығына тоқталып, барлық қызметкерлерге алғыс білдірді.
Іс-шара мерекелік марапаттау рәсімімен және естелік фотосуретке түсумен қорытындыланды.