ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Энергетика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы, тәжірибелі маман, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі Қаныбетов Тілеуберген Сағынышұлын құрметті зейнет демалысына шығарып салуға арналған салтанатты жиын өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың төрағалығымен өткен жиынға облыстың энергетика және коммуналдық шаруашылық саласының еңбек ардагерлері, мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Тілеуберген Сағынышұлы еңбек жолын 1980 жылы қарапайым жұмысшыдан бастап, энергетика саласында 38 жыл еңбек етті. 1988 жылы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамына электромонтер болып қабылданып, кейін басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженер, «Энергосервис» мекемесінің техникалық директоры, «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің басшысы қызметтерін атқарды.
2019 жылдан бастап «KEGOC» АҚ Қызылорда территориялық электр жүйесінің басшысы лауазымында аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет атқарды.
Еңбек жолындағы жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі», «Электр энергетика саласына қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі» жоғары атақтарымен марапатталған.
Салтанатты шара барысында Тілеуберген Сағынышұлына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және энергетика саласына қосқан айрықша үлесі үшін Құрмет грамотасы табысталды.