"eOtinish" біріңғай ақпараттық жүйесі арқылы басқармаға жиі келіп түсетін сұрақтар мен оған берілген жауаптар
Сұрақ: Жаз мезгілінде ауыз судың қысымы төмендеп кетіп жатыр. Оның себебі неде?
Жауап:
Жаз мезгілінде ауыз суға деген сұраныс айтарлықтай артады. Кейбір тұрғындар орталықтандырылған ауыз су жүйесіндегі суды бау-бақша, көгал, ағаш суару және өзге де шаруашылық мақсаттарға пайдаланады. Нәтижесінде су тұтыну көлемі күрт өсіп, әсіресе кешкі уақытта және желінің соңғы нүктелерінде су қысымының төмендеуі байқалады.
Ауыз су жүйелері ең алдымен халықты тұрмыстық және ауыз су қажеттілігімен қамтамасыз етуге арналғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты тұрғындарды ауыз суды ұқыпты әрі мақсатты пайдалануға, суару жұмыстарын мүмкіндігінше техникалық сумен жүзеге асыруға шақырамыз.
Сумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жауапты мекемелер тарапынан тұрақты бақылау жүргізіліп, ауыз суды тиімді пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары атқарылуда.