Сырға серпін берген сала

Сырға серпін берген сала
Сырға серпін берген сала
Сыр өңірінде заманауи үлгіде жабдықталған жаңа жылу электр орталығы іске қосылды. Бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағала­нып отыр.
Жыл басында Қызылорда қаласында өт­кен Ұлттық құрылтайдың V оты­ры­сында Мемлекет басшысы аймақтың әлеу­мет­тік-экономикалық даму қарқынына тоқталып, жаңадан бой көтерген ЖЭО-ның мүмкіндігін жоғары бағалаған болатын. Кеңесте Президент: «Со­ның ішінде жаңа жылу электр орталығы іс­ке қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стра­те­гиялық маңызы бар бұл нысан толығымен ин­вестордың қаржысына салынды. Жылу ор­талығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін ны­ғайта түседі», – деп ерекше атап өтуі, жаңа ор­талықтың аймақ үшін стратегиялық маңы­зын айқындап берді.
Сыр шаһарында бұған дейін 1964 жылы пай­далануға берілген жылу электр орталығы жұ­мыс істеп келді. Кейінгі жылдары 60 жылдан ас­там уақыт үздіксіз жұмыс атқарған инф­ра­құры­лымдық нысанның техникалық мүм­кін­діктері халық сұранысын толық өтей ал­май­тыны байқалады. Өйткені небәрі 67 мегаватт электр энергиясын өндіретін ескі станция об­­­­лыстың қажеттілігінің небәрі 30 пайызын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы болды. Бұл бірін­ші кезекте халық санының артуы мен жер ау­қымының кеңеюіне де тікелей байланысты еді. Сондықтан жеткіліксіз электр энергиясын сырт­тан тасымалдауға мұқтаждық туды. Осы рет­те аталмыш түйткілді шешудің жалғыз жо­лы – өңірден жаңа жылу электр орталығының салу ісі өздігінен сұранып тұрды.
Өңірдегі жылу электр орталығын салу бас­тамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асы­рыла бастады. Облыс әкімінің ықпалымен біре­гей жобаны жүзеге асыру Түркияның Aksa Energy компаниясына тапсырылды. Толықтай инвестор қаржысына салу жоспарланған жоба­ның жалпы құны 215 млрд теңге болды.
– Өңірде жаңа жылу электр орталығының құрылысы 2024 жылы қарқын алды. Алғашында инвестициялық келісімшартқа сәйкес, стра­те­гиялық нысанды іске қосу 2026 жылдың та­м­ыз айына жоспарланған. Алайда облыс бас­шысының ықпалымен жылу электр орта­лы­ғының құрылысы межелі мерзімнен бұрын іс­ке қосылып отыр. Құрылыс жұмыстары бар­лық талап үдесіне сай жүргізіліп, толық қуа­тын­­да жұмыс істей бастады. Аталмыш орталық ке­лешекте аймақтың индустриялық дамуына тың серпін беретініне сеніммен қараймыз, – дейді Қызылорда облысының энергетика және тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қар­ма­сы басшысының орынбасары Тахир Нә­дір­бек.
Аталмыш нысан энергетика саласы ғана емес, өңір экономикасының жаңа деңгейге кө­терілуіне жол ашатын маңызды стратегиялық қа­дам саналады. Бұл өз кезегінде өңірдің энер­гетикалық қауіпсіздігін тәуелділіктен арылтып, жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндікті арт­тырады деп жоспарланып отыр.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, мұнда әлемнің жетекші өндіріс орындарының жаб­дықтары орнатылған. Атап айтқанда, АҚШ-тың General Electric компаниясының газ турбиналары, Чехияның Doosan Skoda бу тур­бинасы, Италияның AC Boilers бу қазан­дық­тары және Түркияның Mimsan су жылыту қа­зандықтарымен жабдықталған. Бұл жаб­дық­тар энергия өндіру тиімділігін арттырып қана қой­май, экологиялық талаптарға да толық сәй­кес келеді.
Қазір станция 176 мегаватт электр энер­гия­сын өндіруде. Алдағы кезеңде 95 мега­ват­тық бу газ турбинасы толық іске қосылса, ны­сан жобалық қуаты артып, облысты толық кө­лемде электр энергиясымен қамтамасыз ете­тін болады.
– Бүгінде Қызылорда облысының электр энер­­­гиясын тұтыну көлемі шамамен 220 ме­гаватқа жетті. Демек, жаңа станция іске қо­сыл­ғаннан кейін өңір өзін-өзі электр энер­гиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық энергияны өзге өңірлерге жеткізу мүмкіндігі ар­тады. Жобаның тағы бір маңызды тұсы – оның экономикалық тиімділігінде деп айтуға бола­ды. Яғни, жаңа жылу электр орталығы газ­­ды бұрынғы станциямен салыстырғанда 50 пайызға дейін үнемдейді. Бұл – өндіріс шы­ғын­дарын азайтып, энергияның өзіндік құнын тө­­мендетуге мүмкіндік береді, – дейді Тахир Қуанышбекұлы.
Энергетикалық нысанның тағы бір ерек­шелігі – станция небәрі 20 минут ішін­де 50 мегаваттан 240 мегаватқа дейін жүк­темені өзгерте алады. Бұл мүмкіндік елі­міз­дің оңтүстік өңір­леріндегі энергия жүйесінің тұрақ­тылығын қам­тамасыз етуде ерекше маңыз­ға ие. Тағы бір айта кететін жәйт, жаңа станцияның жылу беру мүмкіндігі де айтар­лықтай жоғары. Егер ес­кі орталықта желілік температура 95 гра­дус­пен шектелсе, жаңа ны­санда бұл көрсеткіш 130 градусқа дейін жететін көрінеді. Сонымен бірге техни­ка­лық тұрғыдан алғанда, су қыздыру қа­зан­дықтарының пай­далы әсер коэффициенті шамамен 30 пайызға жоғары. Бұл да энергия тиімділігін арттыруға үлкен сеп дейді маман­дар.
Станцияның автономды режимде жұмыс іс­тейтіні де ерекше назар аударуға тұрарлық. Яғни, магистралды электр желілерінде қандай да бір ақау немесе кернеу тұрақсыздығы болған жағдайда станция өз жұмысын тоқтатпай, энер­гия өндіруді жалғастыра алады. Мұның өңір­дегі әлеуметтік нысандардың, өндірістік кә­сіпорындардың және тұрғындардың үздіксіз электрмен қамтылуын қамтамасыз етуге ық­палы зор.
– Бүгінде станция толығымен іске қосылды. Нақ­ты уақытта екі газ турбина үздіксіз жұмыс жа­сап тұр. Соның негізінде тұрақты түрде 176 ме­­­гаватт электр энергиясы өндірілуде. Шама­мен бір айдың көлемінде қалған жұмыстарды бітіруге мүмкіндік бар. Яғни, жақын күндері қосым­ша 95 мегаватт генераторды іске қоса­тын боламыз. Нақты жоспар бойынша мамыр айын­да станция жұмыстары толықтай аяқ­талу­ға тиіс. Қазір бу газ турбинасын іске қосу кезеңі жүргізіліп жатыр. Бүгінде нысанда шамамен 400-дей адам жұмыс жасауда. Оның ішінде 30-40 адам түрік мамандарын қамтыса, қалған ба­сым бөлігі жергілікті жұмысшылар, – дейді кәсіпорын директорының көмекшісі Камал Мадатов.
Жалпы, Сыр өңірінде жаңа жылу электр ор­та­лығының іске қосылуы электр энергия­сы­ның жеткілікті әрі тұрақты болуына, жаңа өн­діріс орындарын ашуға, шағын және орта биз­несті дамытуға зор мүмкіндік беріп тұр. Со­нымен қатар бұл жоба келешекте өңірден жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға оң ықпал бола­ды деген үміт зор.