Газдандыру: Өңірдегі меже – 82 пайыз

Газдандыру: Өңірдегі меже – 82 пайыз

Газдандыру: Өңірдегі меже – 82 пайыз

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді газбен қамтамасыз ету, яғни тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті екенін үнемі еске салады. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажеттігін ескерткен Президент «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» сияқты мұнай-газ алпауыттары газдың қолжетімді бағада болуын, жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тартуды ұмытпау керектігін баса айтты.

Аталған мәселе былтыр Аты­рауда өткен Ұлттық құрылтайда да қозғалып, Президент Үкіметке газ тартылған елді мекендердің са­нын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаң­ғырту туралы тапсырма бергені де көпшілікке мәлім. Ал биыл Бурабайдағы құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы ел бойынша ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Олардың қатарында газдандыруға қатысты 2025-2026 жылдары «Қаша­ған» кенішінде газ өңдеу зауыты, со­нымен бірге, «Талдықорған-Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу жобалары жүзеге аспақ.

Энергетика министрлігінің мәлі­метінше, былтыр елде шикі газ өндірісі 59 млрд текше метрді құраған. 28,7 млрд текше метр тауарлы газ өндіріліп, оның ішінде 5,6 млрд текше метрі экспортталды.

Ал республикада газдандыру қарқыны қалай? Бұл сұраққа келсек, өңірлердің газбен қамтылуы әртүрлі екенін көреміз. Тіпті мүлде газ тұ­тынбайтын облыс орталықтары бар.

Министрлік былтырғы қорытын­дымен елдегі газдандыру деңгейі 61,5 пайыз болғанын айтады. Бұл – 12 млн-нан астам адам газ тұ­ты­нып отыр деген сөз. Оның ішінде газдандыру деңгейі 90 пайыз­­дан асатын аймақтар да бар. Бұған Ақтау, Атырау, Батыс Қазақ­стан, Жамбыл облысы мен Шымкент, Алматы қаласы кіреді. Ал газдандыру деңгейі 40-80 пайыз болатын өңірлерге Алматы, Қызыл­орда, Түркістан, Жетісу және Қос­танай облысы жатады. Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласының газдандыру деңгейі 20 пайыздан төмен.

Тағы бір ресми дерек, Ұлттық құрылтай отырысындағы Мемлекет басшысының тап­сырмасымен былтыр салада 200 жоба іске асқан. Соның арқасында 300 мыңнан астам адам «көгілдір отынға» қол жеткізген. Елде 1700 шақырымнан астам құбыр тарты­лып, газдандыру деңгейі 61,5 пайызға дейін өсті.

Ал биыл мемлекет тарапынан өңірлерде 45 жоба іске асуда. Мұндай кең көлемді газдандыру жұмыстарына 65,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Барлық жоба іске асса, республикадағы газдандыру деңгейі 62 пайыз болып, тұтынушы саны 12,36 млн адамға дейін артады деп жоспарлануда.

Мұны Премьер-министр Олжас Бектенов те «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласында (аталған мақала көптеген БАҚ беттерінде жарық көрді) ашып айтты. Үкімет басшысы елдегі атқарылған ауқымды жұмыстарды айта келіп, әр сала бойынша жекелей тоқталған. «Елімізді газдандыру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың басында 12 миллионнан астам адам табиғи газға қол жеткізді. 2024 жылы 1,7 мың шақырымнан астам газ желілері салынды. Биыл елді мекендерді газдандыру бойынша тағы 45 жоба іске асырылуда, бұл газбен қам­тылғандарды 12,4 миллион адамға дейін, ал газдандыру деңгейін 62%-ға жеткізуге мүмкіндік береді» деп келтірді мақаласында.

Солтүстікке газ Ресейден тартылады

Жалпы министрлік бұған дейін республиканың солтүстік-шығыс өңір­лерін газдандыруға қатысты екі нұсқа қарастырған еді. Біріншісі – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруда «Сары­арқа» магистральдік газ құбы­рының (МГҚ) ІІ-ІІІ кезеңдерін жүзеге асыру. Жоба құны – 188,5 млрд теңге. Алайда бұл жоба іске асу үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ ІІ желісін салу қажет. Екіншісі – көрші Ресей арқылы газдандыру жобасы.

Үкімет те осы екінші нұс­қаны қолайлы көретіндей. Өйт­кені, жақында өткен  Санкт-Петер­бургтегі Халықаралық газ форумында «Газпром» басшысы Алексей Миллер мен елдің бірінші вице-премьері Роман Скляр екі маңызды құжатқа қол қойды. Соның бірі – Ресейден Қазақстанға жаңа магистральдік газ құбырын салу жөніндегі меморандум. Бұл жобаның басты мақсаты – Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету.

Бұл газ құбырының жобасы 2025 жылғы ақпанда Ресейдің феде­ралдық көлік инфрақұрылымын дамытудың аумақтық схемасына енгізілген. Ресми құжатта көр­сетіл­гендей, құбырдың жылдық өткізу қуаты – 10 млрд текше метр, ал компрессорлық станцияның қуаты – 50 мегаватт. Газ Батыс Сібір кен орындарынан жеткізіледі. Ал құбыр тарту құрылысы Түмен облысы арқылы өтіп, Қазақстан шекарасында – Солтүстік Қазақстан облысы маңында жалғасады.

Аймақтағы ауқымды жұмыс

Мақаламызда осы жылы мем­лекет тарапынан өңірлерде іске аса­тын 45 жобаға (Ақмола – 1, Жетісу – 21, Атырау – 1, Жамбыл – 4, Қарағанды – 2, Ұлытау – 3, Қы­зылорда – 6, Қостанай – 1, Маңғыстау – 1, Түркістан – 2, Шымкент – 1, Алматы – 1, Ас­тана қаласы – 1) 65,9 млрд тең­ге қаржы қарастырылғанын айт­қан­быз. Соның ішінде біздің Қызыл­орда аймағындағы газ желісін тарту құрылысы қарқынын жоғалт­пағандай.

– Мемлекет және Үкімет қолдауымен өңірде энергетикалық және инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Облыс аумағында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. 2023 жылы газдандыру жобаларына жалпы 8,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде облыста 13 елді мекен табиғи газға қосылды. Халықты газдандыру деңгейі 75 пайызды құрады. Ал былтыр газдандыру жобаларына республикалық бюджеттен 3,9 млрд, облыстық бюджеттен 2,6 млрд және «Самұрық-Қазына» АҚ қорынан 24 млрд теңге қаржы қаралды. Аталған қаржыға жоспарланған 11 елді мекенді газдандыру жұ­мыстары толығымен аяқталып, «кө­гілдір отынға» қосылды. Ха­лықты газдандыру деңгейі 78 па­йызды құрады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-комуналдық басқармасының бөлім басшысы Ислам Бектұрғанов.

Оның айтуынша, өткен жылы аймақтағы Алмалы, Ақтоған, Бестам, Абай, Төменарық, Ақсу, Шәменов, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов ауылы мен Төретам және Сексеуіл кенті газға толық қосылған.

Ал биыл жыл басынан бері халық саны 10 мыңға жуық 6 елді мекен (Шижаға, Ортақшыл, Баймұрат, Талдыарал, Н.Ілиясов және Ақтан батыр ауылы) газдандырылып, газға қосылған ауыл саны 52-ге жеткен.

– Биыл осы салаға жалпы 15,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,7 млрд, облыстық бюджеттен 2,4 млрд, «Самұрық-Қазына» АҚ қорынан 8,5 млрд теңге қаралды. Жыл аяғына дейін халық саны 10 мыңнан астам тағы 3 ауыл, яғни Сабалақ, Дүр Оңғар, Шаған ауылдары «көгілдір отынға» қосы­лады. Сонда табиғи газға қосыл­ған елді мекендер саны 55-ке, газ­дандыру деңгейі 82 пайызға жететін болады, – дейді бөлім басшысы.

Бүгінде газ отынын пайдалан­ған халықтың көп уақыты үнем­дел­гендей. Ең бастысы – оның қор­шаған ортаға деген ықпалы. Ал бұған дейін көп жылдан бері баспанасын жылытқан жұрт­тан бөлек, алып өндіріс пен кәсіп­орындардың қозғаушы күші болған көмірдің пайдасы жоқ емес еді. Бірақ табиғатқа деген зиян осы қазба байлықтан тарағаны да рас. Үлкен қалаларда ауаның ластануына себепкер болды. Денсаулыққа зия­нын әкелді. Қиыны сол, көмірдің көк түтінінен дүниежүзілік жылу үде­ресінің жылдан-жылға артуы қор­шаған ортадағы балансты бұзып жа­тыр. Дұрысы, климат қатты өзгерді.

Қазақстан бұл мәселені қарау­сыз қал­дырған жоқ. Қазір ел­дегі көмірден құтылу қарекеті ауқымды жүріп жатыр. Көптеген газдандыру жобалары көмірді тұтыну көрсеткішін азайтты. Әрине, табиғи газ желісінің құрылысы көп қаржыны қажет етер. Дегенмен де адамзат саулығын сақтау алғашқы орында тұруы тиіс.