1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай облыс ардагерлері жаңа жылу-электр орталығының құрылыс барысымен танысты.
«Aksa Energy» түрік компаниясымен бірлескен жоба аясында қуаттылығы 240 МВт болатын нысан салынуда. Орталыққа General Electric (АҚШ), Doosan Skoda (Чехия), AC BOILERS (Италия), Mimsan (Түркия) компанияларының қондырғылары жеткізілген. Құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталып, газ тарату станциясы мен 45 шақырым газ құбыры салынды. Биыл алғашқы газ турбиналық қондырғы мен екі жылу қазандығы іске қосылса, қалғаны 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Мерекеге орай қала мен аудандардан келген ардагерлердің басын қосқан салтанатты шара ұйымдастырылды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел ағалары мен ақ жаулықты аналарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басым міндеті – зейнетақы жүйесін жетілдіру. Қажырлы ардагерлердің қоғамға үлесін ынталандыру маңызды. Халықтың орташа өмір сүру жасы 75-тен асты, бұл – әлеуметтік саясаттың жетістігі» – деген болатын.
Өңірімізде қазыналы қарияларды жан-жақты әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Соңғы үш жылда жылына бір рет төленетін әлеуметтік көмектің көлемі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге, оларға теңестірілгендер мен тыл ардагерлеріне 90 мыңнан 196 мың теңгеге ұлғайды. Биыл 1 700-ге жуық ардагерге 322 млн. теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында көмекке мұқтаж 225 жалғызбасты қарт мен мүгедектер, аз қамтылған отбасылар түскі аспен қамтамасыз етіліп келеді.
Қазақ халқы «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген. Бұл – халықтың ғасырлар бойғы құрметінің айқын көрінісі. Сіздердің даналықтарыңыз, өмірлік тәжірибелеріңіз бізге – кейінгі буынға жол көрсетер бағдаршам. Ел ішінің татулығы мен бірлігін сақтауда, ұлттың рухын биік ұстауда ардақты ардагерлеріміздің рөлі ерекше.