
Жалақы кешіктірілген жағдайда жұмыскерлердің еңбек құқықтары: жұмыс берушінің жауапкершілігі және өз құқықтарын қорғау тәртібі
Жалақы айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Жалақы төлеудің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді.
Егер жұмыс беруші жалақы төлеуді кешіктірсе, ол жұмыскерге жалақы бойынша берешек сомасын ғана емес, сондай-ақ мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін өсімпұл төлеуге міндетті.
Өсімпұл мөлшері берешек нақты төленген күнге қолданыстағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері негізінде есептеледі. Өсімпұл жалақы төлеу үшін белгіленген мерзім өткен күннен кейінгі күннен бастап, нақты төленген күнді қоса алғанда есептеледі.
🔹 Мысал
Жұмыскерге 300 000 теңге мөлшерінде жалақы төленуге тиіс болды делік, алайда жұмыс беруші оны төлеуді 10 күнтізбелік күнге кешіктірді.
Мысал ретінде Ұлттық Банктің қолданыстағы базалық мөлшерлемесін — 16,25% алайық.
Есептеу:
300 000 × 16,25% × 1,25 ÷ 365 × 10 = шамамен 1 670 теңге.
Осылайша, жұмыс беруші:
300 000 теңге — жалақы бойынша берешекті;
≈ 1 670 теңге — 10 күн кешіктіргені үшін өсімпұлды төлеуге тиіс.
Барлығы — 301 670 теңге.
❗️ Бұл ретте өсімпұл мөлшері берешек сомасына, кешіктірілген күнтізбелік күндердің санына және берешек нақты төленген күнге қолданыстағы Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты болады.
Жалақыны белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен өсімпұлды есептемегені және төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабына сәйкес мынадай айыппұлдар көзделген:
лауазымды адамдарға — 30 АЕК;
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК.
Жұмыскер өзінің еңбек құқықтарының бұзылуына байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне өтінішпен жүгінуге құқылы. Мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыскерлердің еңбек заңнамасы мәселелері бойынша өтініштерін қарайды және негіздер болған жағдайда заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
❗️ Есте сақтаңыз: жалақыны уақтылы және толық көлемде төлеу — жұмыс берушінің міндеті және жұмыскердің еңбек құқықтарының негізгі кепілдіктерінің бірі