
Департамент басшысы Б.Жұмағұлов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында І тоқсан қорытындысымен салада атқарылған жұмыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді.
Брифингте Бектемір Жұмағұлов есепті кезеңдегі мемлекеттік бақылау нәтижелері, өндірістік жарақаттануды төмендету, өтініштермен жұмыс және еңбек қатынастарын цифрландыру бағытында атқарылған шараларға тоқталды.
Атап айтқанда, мемлекеттік еңбек инспекторларымен 87 тексеру жүрзіліп, нәтижесімен 125 бұзушылық анықталса, 73 нұсқама берілді. Еңбек заңнамасы талаптарын бұзған тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 3,5 млн.теңге айыппұл салу түріндегі шара қолданылған. Осы мерзімде 217 жұмыскерлердің бұзылған еңбек құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар ұжымдық шартты цифрландыру, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жұмыскерлер еңбек шарттарын тіркеудің маңыздылығын атап өтіп, ақпаратты мерзімінде толық енгізбеу және дұрыс емес ақпарат енгізу түрінде жасалған бұзушылықтар үшін үстіміздегі жылдың 12 наурызынан бастап күшіне енген ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатынын ескертті.
Сондай-ақ, өндірістік жарақаттанудың алдын алу бағытындағы кәсіби тәуекелдерді бағалау жүйесіне сәйкес, облыста жыл басынан бері 10 кәсіпорында бағалау жүргізілсе, «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасына 42 кәсіпорын қосылды. Еңбек инспекторларымен құрылыс алаңдарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тік бақылау жүргізіліп, түсіндірмелер берілді. Есепті мерзімде мемлекеттік мекемелерді қоспағанда сақтандыру жүйесімен қамтылған кәсіпорындардың үлесі 70,6 пайызды құрады.
Еңбек тәуекелдер картасына сәйкес болжамды тәуекел тобындағы кәсіпорындармен алгоритмге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта үстіміздегі жылдың 18 наурызында облыстың Шиелі мен Жаңақорған аудандарында Департаменттің қатысумен әлеуметтік әріптестік жөніндегі аудандық үш жақты комиссия отырысы өтсе, 13 сәуірде Арал ауданында облыстық үш жақты комиссияның көшпелі отырысы өткізілді.
Жалпы, есепті мерзімде әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссияның 18 отырысы болып, міндетті төлемдерді мерзімінде жүргізу, жалақы және т.б. мәселелер бойынша 78 кәсіпорынның еңбек ахуалы тыңдалды.
Кездесу қорытындысында сала басшысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетімен жүктелген басым бағыттар мен жоспарлы міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын жеткізді.