Қоғамдағы кез-келген шиеленіске жол бермей, оның алдын алу мақсатында шешім қабылдау – біздің басты міндетіміз.
Сондықтан, жұмысшылардың жалақысын және басқа міндетті төлемдерді уақытылы жүргізу қажеттілігіне мән беріп, тиісті жұмыстарды жалғастыруымыз қажет.
Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, еңбек даулары туындауы мүмкін кәсіпорындармен жұмыс жасау бағытында бірлескен өзара іс-қимыл жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес, Жаңақорған және Шиелі аудандарында еңбек тәуекелдер картасындағы кәсіпорындармен кездесу өткізілді.
Кездесулерге аудан әкімінің орынбасарлары, аудандардың Мемлекеттік кірістер басқармаларының басшылары, аудандық төтенше жағдай бөлімдерінің бастықтары, мекемелер мен кәсіпорындар қатысты.
Кездесу барысында Департамент басшысы Б.Жұмағұлов облыста қауіпсіз еңбек жағдайларын және еңбек саласын цифрландыру шараларына тоқталды.
Атап айтқанда, өткен жылы іске қосылған Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы бойынша аудандардағы кәсіпорындардың жағдайын айта келе, тәуекел аймағында болудың негізі себебі міндетті төлемдердің мерзімінде жүргізілмеуі салдарынан орын алып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар жұмыскерлермен еңбек шарты, жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасу мәселесіне баса мән беріп, аталған орындалмаған жағдайда қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес жауапкершілік қаралғанын ескертіп өтті.
Мұнан кейін Департаменттің бас маманы Б.Жұманов білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасы нормаларын сақтау барысында кездесетін мәселелер жөнінде хабарлама жасап, білім беру ұйымдарының басшылары мен мамандары тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.